Вице-президент жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңызын атап өтті
Сурет: akorda.kz
Міндеттердің бірінші блогы конституциялық құндылықтарды жүйелі түрде ілгерілету мәселелеріне арналды. Ерлан Қарин Ата заңда бекітілген құндылық бағдарлары Президенттің елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған стратегиялық реформаларының тұжырымдамалық өзегін құрайтынын атап өтті. Сондықтан мемлекеттік саясат прогрессивті конституциялық қағидаттарды қоғамда орнықтыруға бағытталуға тиіс. Бұл, ең алдымен, Заң және Тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, мәдениетті, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, қоғамда еңбек культін, әлеуметтік оптимизмді, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын орнықтыруды қамтиды.
Ерлан Қарин осы бағыттағы мемлекеттік аппарат жұмысының мазмұнын айқындайтын негізгі құжаттар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған "Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы" Президент Жарлығы және Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспары екенін жеткізді.
Міндеттердің екінші блогы жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелеріне қатысты болды. Ерлан Қарин бұл идеологиялық жұмыста қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетіне дейінгі өмірдің барлық саласын қамтитын маңызды басымдық екенін мәлімдеді. Бөгде құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын таңуға, қоғамдық өмірді ескілікке бұруға, тарихты мифке айналдыруға бағытталған әрекеттерге кешенді түрде қарсы тұру жеке міндет ретінде белгіленді.
Осы орайда, Ерлан Қарин "Заң және тәртіп" қағидатын, "Таза Қазақстан" жобасын және "Адал азамат" тәрбие бағдарламасын дәйекті жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасын кең ауқымда іске асырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігі айтылды. Яғни бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлердің рейтингін жасау, тазалықтың ұлттық стандартын енгізу және Қазақстанды көгалдандырудың онлайн-картасын қалыптастыру ұсынылды.
Міндеттердің үшінші блогы ішкі саясат саласындағы барлық стратегиялық құжаттарды, атап айтқанда, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасын, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасын, Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын және Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын сапалы орындау мәселелеріне арналды.
Сонымен қатар Вице-Президент Мемлекет басшысы бастамашылық еткен өзге де бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде "Оқитын ұлт" тұжырымдамасын және Этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасын уақтылы әзірлеу өзекті екеніне назар аударды.
Жалпы, Ерлан Қарин Мемлекет басшысының стратегиялық реформалар бағытын және Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі ауқымды жұмысты сапалы ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан сүйемелдеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, барлық жалпыұлттық жобалар мен бастамалар елді жаппай жаңғыртудың тұтас жүйесіне кіріктірілуге тиіс.
Жиын соңында Вице-Президент мемлекеттік органдардың ішкі саяси жұмысында бақылауды, жүйелі тәсілді және жалпы үйлестіруді қамтамасыз ету қажеттігін тағы да еске салды.
"Ішкі саясат саласындағы жүйелеу жұмысын жалғастыру қажет – бірыңғай талаптарды, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды бәсеңдетуге немесе қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды, үнемі алға ұмтылу қажет. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету", – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын практикалық тұрғыда іске асыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
