Ұлытау облысында жаппай көгалдандыру бастамасы қолға алынды
Сурет: pixabay
Бастаманың негізінде баршаға қолжетімді қарапайым идея жатыр: өрік пен өрік қағының сүйектерін тастамай, жинап, отырғызу материалы ретінде пайдалану.
Өрік әртүрлі табиғи жағдайларға жақсы бейімделеді, ал оны сүйектен өсіру күрделі дайындықты қажет етпейді. Көпшілік жұмыла қатысқан жағдайда осындай қарапайым әрекеттің өзі уақыт өте келе елеулі экологиялық нәтиже береді.
Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау туралы шешімі аясында ерекше маңызға ие.
"Ұлытау облысында бұл идея іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Бастамаға мектеп оқушылары мен мемлекеттік органдар қосылып, өңір аумағында сүйектерді жинау және отырғызу жұмыстары жүргізілуде." Ұлытау облысының прокуратурасы
Өскелең ұрпақты тартуға ерекше назар аударылды. Балалардың көшет отырғызуға қатысуы көгалдандыруға нақты үлес қосып қана қоймай, олардың бойында жастайынан табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті мен қоршаған ортаның жай-күйіне деген жеке жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бастаманың басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Қатысу үшін арнайы жабдық пен қомақты қаражат қажет емес: сүйекті сақтап, оның ағашқа айналуына мүмкіндік беру жеткілікті.
Егер осы қарапайым бастаманы мыңдаған адам қолдаса, бүгін отырғызылған сүйектер келешекте мыңдаған ағашқа айналып, қалалар мен ауылдардың жасыл желекке бөленуіне әрі пайдалы экологиялық әдеттің қалыптасуына ықпал етеді. Сүйекті тастама — табиғатқа мүмкіндік бер!, – дейді Ұлытау облысының прокуратурасы.