+16°С-қа дейін: 2026 жылғы қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Синоптиктердің болжамынша, қазан айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады.
Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығысында және Абай облысында ауа температурасы норма шамасында сақталады.
Республиканың басым бөлігінде бір айда түсетін жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады деп болжанып отыр.
"Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын әдеттегіден көп түседі, – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Жамбыл және Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Абай облысында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының солтүстігінде жауын-шашын нормадан аз болады деп күтіледі.
Сонымен қатар бір айдағы ауаның орташа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде +3...+10°С, ал еліміздің оңтүстік жартысында +11...+16°С болады.