"Бұл мәселені ешкім шеше алмады": Үкімет Тоқаевтың жолдарға қатысты тапсырмасына үн қатты

Укладка асфальта, асфальтирование дорог, ремонт дорог, ремонт дороги, рабочие, асфальтоукладчики, машины для укладки асфальта, техника для дорожных работ, дорожно-ремонтные работы, дорожные работы, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.09.2026 16:14 Фото: Zakon.kz
Қазақстанда жол жобаларының іске асырылуын бақылауды күшейтіп, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және жұмыстардың мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тиісті тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 19 қыркүйекте "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында сөйлеген сөзінде берген еді.

"Үкімет пен әкімдер қала ішіндегі және үлкенді-кішілі елді мекендерден тыс орналасқан жолдардың сапасына баса мән беруі керек. Бұл – біздің осал тұсымыз, оны мойындау қажет. Бұл мәселені ешкім шеше алмады, мұның өзі – масқара. Не болмаса шешуге жай ғана ниет танытпады. Ал бұл – саботаж. Заң аясында қатаң шаралар қабылдаймыз", – деді Президент.

Бүгін, 21 қыркүйекте Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді. Үкімет таратқан мәліметке сәйкес, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы және оның сапасын одан әрі жақсарту шаралары туралы баяндады.

Министрліктің дерегінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 91%-ы нормативтік талаптарға сай. Ал елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды.

Жолдардың жағдайына қатысты өтініштердің шамамен 58%-ы жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Оның ішінде 47%-ы елді мекендердегі көшелерге қатысты.

Жол құрылысының сапасын арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында қолданылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылды. Битумды пайдалану тәсілдері қайта қаралып, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау жүйесі енгізілді. Сондай-ақ мердігерлердің жауапкершілігі күшейтілді.

Бұдан бөлек, жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферт қаражатының жұмсалуына жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру жоспарланған.

"Мемлекет басшысы қала ішіндегі және үлкенді-кішілі елді мекендерден тыс орналасқан жолдарға баса назар аударуды тапсырды. Көлік министрлігі мен әкімдіктерге жол жобаларының іске асырылуын бақылауды күшейту, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Президент тапсырмаларының орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Бұған дейін Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне вандализм мен бұзақылықтың алдын алу үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салуды көздейтін заңнамалық өзгерістер жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: