Тоқаев: Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің жаңа институттағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі жоғары конституциялық мәртебеге ие Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кірді.
"Бұрын парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі негізгі міндет өнімді жұмыс істеу екенін атап өтті. Оның сөзінше, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін сақтап, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.
"Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек", – деді Президент.
Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған "Қоғамдық келісім" желісі де жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады.
Тоқаев жаңа мүмкіндіктермен бірге жауапкершілік те артатынын атап өтті.
"Алайда жаңа мүмкіндіктер айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен", – деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript