Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету туралы әкімдік мәлімдеме жасады
Сурет: gov.kz
Әкімдік отбасыларға қолдау білдіргісі келетін азаматтар, кәсіпкерлер мен ұйымдар үшін бірыңғай қор жұмыс істейтінін еске салды.
"Ақша аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне ақша аудару туралы ешқандай тапсырма, талап не нұсқау берген жоқ және бермейді. Оның ішінде қызметкерлердің бір күндік жалақысын аудару туралы да тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес, бұл – әр қызметкердің жеке шешімі", – деп мәлімдеді әкімдік.
Көмек көрсеткісі келетіндер қаражатты қордың ресми деректемелері арқылы ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.
"Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Ақша аударуға мәжбүрлеуге жол берілмейді", – деп түйіндеді әкімдік.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауындағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы қолайсыз болып, жеке құрам "Қайсар" катерінен түсіп жатқанда әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті аза тұту күні деп жариялады.
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
25 қыркүйекте ІІМ осы оқиғаға байланысты жоғары лауазымды әскери қызметшілер ұсталғанын хабарлады. Олардың қатарында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.