Каспийдегі қайғылы оқиға: Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті
Сурет: Telegram/mangystau_press
Қаралы шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай депутаттары, "Қазақстан Халық Кеңесінің" мүшелері, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен қаза тапқан әскери қызметшілердің қаруластары қатысты.
Рәсімге қатысушылар қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына бағыштап Құран оқылып, еске алу рәсімдері жасалды.
Әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және қаза болғандарды еске алу шараларын ұйымдастыруға толық жәрдем көрсету қарастырылған.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаражат жинақтау үшін арнайы қор құрған еді. Жиналған барлық қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге толықтай мақсатты әрі ашық түрде, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауымен беріледі.
Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, ата-аналары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.