"Додо Пицца" клиенттерінің деректері жаппай тарады: хакерлер қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: freepik
Компания кибершабуыл болғанын растады.
"Достар, кеше және бүгін біздің IT-жүйемізге кибершабуыл жасалды. Ақпараттық қауіпсіздік тобы мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Әзірге клиенттеріміздің бір бөлігінің қандай деректері қолжетімді болуы мүмкін екенін ашық айтқымыз келеді. Олар: аты-жөні, мекенжайы, электрондық поштасы, телефон нөмірі, туған күні және тапсырыс құрамы. Біз төлем деректерін сақтамаймыз, сондықтан олар қауіпсіз. Болған оқиға туралы Роскомнадзорға хабарладық. Қаскөйлердің жүйеге кіру мүмкіндігі бұғатталды, ішкі тексеру жалғасып жатыр. Егер аккаунтыңыздан автоматты түрде шығып қалсаңыз, алаңдамаңыз: бұл – есептік жазбаларды қорғау шараларының бірі", – деп хабарлады компания 2026 жылғы 28 қыркүйекте.
"База" Telegram-арнасының жазуынша, "Додо Пицца" жүйесін компанияларға кибершабуыл жасауға маманданған хакерлер тобы бұзған. Олардың қолында 65 млн бірегей клиенттің деректері мен бірнеше терабайт ақпарат бар делінеді.
"Додо Пицца" хакерлердің Қазақстандағы клиенттер базасына қол жеткізген-жеткізбегенін ресми түрде хабарлаған жоқ. Алайда компанияның қолдау қызметі Digital Business басылымына клиенттер туралы ақпарат базалары елдер бойынша бөлінгенін жеткізген. Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық клиенттердің деректері тарағаны туралы ақпарат жоқ. Шабуылдың салдарын тексеру жалғасып жатыр.
Бұған хакерлердің өздері жауап беріп, пиццерияның қазақстандық клиенттері туралы мәліметтерге де қол жеткізгенін мәлімдеді. Олар 59 млн-нан астам бірегей тапсырыс, 6,5 млн телефон нөмірі және 6,7 млн клиент туралы деректер бар екенін алға тартты.
"Айтпақшы, "Додо" бізге "клиенттердің бір бөлігінің" ғана деректері қолжетімді екенін жазып жатыр. Бұл – өтірік. Біздің қолымызда компания жұмыс істейтін барлық елдегі бүкіл клиент пен барлық тапсырыстың компания құрылғаннан бергі деректері бар", – деп жазды хакерлер.
Сондай-ақ олар "Додо Пиццада" тіркелген 53,1 млн клиенттің кемінде бір рет тапсырыс бергенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, компания жұмыс істеген 15 жыл ішінде барлық елде шамамен 860–870 млн тапсырыс жасалған. Соның 744 миллионы, яғни барлық тапсырыстың 86%-ы Ресейге тиесілі. Хакерлер деректер базасын ашық қолжетімділікке шығармайтынын да мәлімдеді.
Редакция осы жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүгінді.
2026 жылғы 12 тамызда желіде хакердің Қазақстанның 15 млн тұрғынының деректерін даркнетте сатуға қойғаны туралы ақпарат тараған еді. Сатушы базаны eGov мемлекеттік сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. Ол файл үшін 0,5 биткоин, яғни шамамен 32 мың доллар сұраған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ал Ішкі істер министрлігі eGov порталына рұқсатсыз кіру фактілері тіркелмегенін хабарлады.