Тоқаев: Биыл екі мыңнан аса "Алтын белгі" иегері педагогика мамандығына грант алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын оң үрдіс деп бағалады. Биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың арасында екі мыңнан аса "Алтын белгі" иегері бар, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 05.10.2026 14:41 Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын оң үрдіс деп бағалады. Биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың арасында екі мыңнан аса "Алтын белгі" иегері бар.

Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы мұғалімдік жолды таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейгенін атап өтті.

"Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби сабақтастық дәстүрі пайда болады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейту қажеттігін айтты. Бұл ретте болашақ мамандардың кәсіби білімі мен дағдысын қалыптастыратын жоғары оқу орындарының рөлі ерекше екенін жеткізді.

"Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің жоғары оқу орындары айрықша рөл атқарады. Себебі университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады. Бұдан бөлек, білім-ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге баса мән беру маңызды. Шет мемлекеттерге сапарларым кезінде мен әлемнің озық оқу орындарымен байланыс орнату, ықпалдастықты нығайту мәселесіне айрықша назар аударамын", – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық өркениет пен білім экономикасы дәуірінде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеу ауқымды міндет екенін атап өтті. Осы мақсатта оның тапсырмасымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу басталған.

"Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Соның аясында қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістемелер мен цифрлық платформаларға қол жеткізеді.

Президент бұл бағыттағы жұмысты оң бағалап, халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижелеріне тоқталды.

"Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды", – деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: