Қарағандыда студенттерге жоқ пәтерлерді ұсынып, 2,2 млн теңгеден астам ақша алған әйел ұсталды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Алаяқтық схема тамыз айында іске қосылған. Әйел студенттерге тиімді бағада пәтер жалға берілетіні туралы хабарландырулар орналастырып, онда интернеттегі ашық дереккөздерден алынған пәтер суреттерін пайдаланған.
Арзан баспана іздеген жастар хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласып, пәтерді жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған. Алайда ақша түскеннен кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Кейін уәде етілген пәтерлердің шын мәнінде жоқ екені анықталған.
Бірнеше жәбірленуші полицияға шағымданғаннан кейін жедел қызметкерлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Тергеу барысында алаяқтықтың 10 дерегі дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2,2 миллион теңгеден асты. Барлық жәбірленуші — арзан баспана іздеген студенттер.
"Қазір полиция әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Осыған байланысты жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілердегі жылжымайтын мүлік туралы хабарландыруларға сақтықпен қарап, баспана үшін алдын ала ақша аудармас бұрын оның нақты бар-жоғын тексеруге шақырды.
Күдіктіге қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның кінәсі сотта дәлелденгенге дейін заң бойынша кінәсіз деп есептеледі.