Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болды
Фото: freepik
Қала әкімдігінің түсіндіруінше, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыту маусымын әдеттегіден ерте бастау туралы шешім қабылданған.
"9 қазаннан бастап Алматыда орталық жылыту жүйесіне қосу жұмыстары басталады. Алдымен әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге жылу беріледі", – деп хабарлады Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы.
Тұрғын үйлерге жылу беруді 10 қазаннан бастау жоспарланып отыр. Үйге жылу жеткізілгеннен кейін пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің мамандары үй ішіндегі жылыту жүйелерін реттейді. Олар радиаторлар мен тік құбырларда жиналған ауаны шығарып, қысымды реттейді және пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.
"Алматы жылу жүйесі" ЖШС қысқы кезеңге дайындықты аяқтаған. Ықтимал ақауларды жедел жою үшін материалдар мен жабдықтардың авариялық қоры жасақталған. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында 16 авариялық және жөндеу бригадасы кезекшілік етеді. Олардың құрамында барлығы 220 маман мен 56 техника бар.
Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың жылыту маусымы мен қысқы кезеңге дайындығына арналған кеңес өткізген болатын.