Қылмыстарды тергеуге жаңа мүмкіндіктер: Тоқаев заңға қол қойды
Фото: Zakon.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 6 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы "Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген хабарламада.
Бас прокурор Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, құжатқа 1959 жылғы 20 сәуірде Страсбургте қол қойылған. Ол Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және алу мәселелеріндегі қатынастарды реттеуге бағытталғанын атап өтті.
Конвенцияға қосылу Қазақстанның құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл трансұлттық қылмысқа байланысты істерді қоса алғанда, қылмыстық істерді тергеудің жеделдігі мен тиімділігін арттырады.
Бұған дейінгі қорытындыда Конвенцияға сәйкес оған қатысушы мемлекеттер өзара негізде және онда белгіленген талаптарды сақтай отырып, қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге міндеттенетіні айтылған.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының Конвенцияны алты ескерту және мәлімдемемен ратификациялауы көзделген:
- мүлікті іздестіру немесе оған тыйым салу туралы сұрау салуларды екі тарапта да әрекеттің қылмыстық жазалануы көзделген жағдайда және Қазақстан заңнамасына сәйкес болған кезде ғана орындау құқығы;
- адамға сотқа немесе тергеуге келу туралы шақыру қағазын белгіленген келу күнінен кемінде 50 күн бұрын тапсыру туралы тапсырма жіберу.
Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды жіберуге және қабылдауға уәкілетті орталық органдар ретінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты – соттардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларға қатысты, ал Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өзге де барлық сұрау салуларға қатысты айқындалды.
Конвенцияны іске асыру Қазақстан Республикасының Конвенцияға қатысушы мемлекеттермен қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығының тиімділігін арттырады деп күтіледі.