Зейнетақы аннуитеті: жинақтарды аудару тәртібі өзгерді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Түзетулермен шарт жасасу үшін қажетті құжаттар тізбесі кеңейтілді.
Енді өзге құжаттармен қатар мыналар да талап етіледі:
- дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім (жазбаша түрде немесе цифрлық сервистер арқылы электрондық түрде);
- мерзімсіз белгіленген I, II немесе III топтағы мүгедектіктің бар екені туралы мәліметтер.
Сақтандыру ұйымы мүгедектік туралы мәліметтерді сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды (СБДҚ) қалыптастыру жөніндегі ұйым арқылы тексереді.
Сақтандыру ұйымының интернет-ресурсын пайдалана отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу тәртібі өзгерді.
Енді мұндай шартты жасасу кезінде сақтандыру ұйымы өтініш берушіден дербес деректерін жинауға, өңдеуге және оларды СБДҚ қалыптастыру жөніндегі ұйымға, жөнелтуші қорға және жөнелтуші сақтандыру ұйымына беруге электрондық түрде келісім алуы тиіс.
Зейнетақы жинақтарын аудару тәртібі өзгерді
Сақтандыру ұйымы мәліметтерді СБДҚ қалыптастыру жөніндегі ұйым арқылы жөнелтуші қорға жібереді. СБДҚ-дан келіп түскен электрондық хабарлама жинақтарды аударуға негіз болады. Жөнелтуші қор хабарламаны 2 жұмыс күні ішінде тексереді.
Қаражатты аударудан бас тарту негіздерінің саны 8-ден 4-ке дейін қысқартылды.
Жөнелтуші қор мына жағдайларда зейнетақы жинақтарын аударудан бас тартады:
- өтініш берушінің жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары болмаса немесе өтініш берушінің атына ашылған жеке зейнетақы шоты болмаса;
- зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама келіп түскен күні өтініш берушінің зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарындағы жинақ сомасы зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілген сомадан аз болса;
- өтініш берушіге бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленгені туралы мәліметтер болмаса;
- зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама келіп түскен күні міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жалпы кезең 60 күнтізбелік айдан аз болса.
Жиынтық төлем хабарламасы 7 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қалыптастырылады. Бұған дейін бұл мерзім 10 жұмыс күнін құраған.
Сақтандыру ұйымы зейнетақы жинақтарының түскені туралы өтініш берушіні 5 жұмыс күні ішінде хабардар етеді. Кастодиан банк қаражатты төлем хабарламасы жасалған күні сақтандыру ұйымына аударады.
Зейнетақы жинақтары қайтарылған жағдайда, жөнелтуші қор қаражат сақтандыру ұйымынан қайтарылған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушіні жазбаша немесе өзге тәсілмен хабардар етеді. Сақтандыру ұйымы зейнетақы жинақтарын қайтаруға арналған жиынтық төлем тапсырмасын қалыптастырады.
Сақтандыру ұйымын ауыстырған кезде сатып алу сомасын аудару да сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор арқылы жүзеге асырылады. Бірыңғай дерекқордан келіп түскен электрондық хабарлама шартты бұзуға және зейнетақы жинақтарын аударуға негіз болады.
Сондай-ақ электрондық деректер алмасу тәртібі нақтыланды. Қатысушылар арасындағы келісімдерде электрондық хабарламалардың құрамы мен форматтары, олардың алынғанын және өңделгенін растау, техникалық ақаулар кезінде қайта жіберу және хабарламалардың қайталап орындалуына жол бермеу үшін оларды сәйкестендіру тәртібі айқындалуға тиіс.
Жаңа редакция рәсімдерді жеделдетуге, қағаз құжат айналымын қысқартуға және бірыңғай дерекқорды қалыптастыру жөніндегі ұйым арқылы деректер алмасуды орталықтандыруға бағытталған.
Қаулы 16 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы аннуитетінің үлгілік шарты өзгертілгенін хабарлаған едік.