Қазақстанда мұнай өнімдерін міндетті таңбалау 2027 жылы енгізілуі мүмкін
Фото: Zakon.kz
Вице-министрдің айтуынша, биыл мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Технология жанармайға арнайы маркер қосуды көздейді. Оның бар-жоғын мобильді анализаторлардың көмегімен тексеруге болады.
Кейін журналистер пилоттық жоба арқылы қанша заңсыз жанармай анықталғанын сұрады.
"Көлеңкелі нарықты анықтаудың белгілі бір әдістемесі бар. Біз 17 тауар позициясын талдадық, оның ішінде жетеуі қазірдің өзінде міндетті таңбалауға жатады. Осы позициялар бойынша көлеңкелі нарықтың жалпы көлемі шамамен 8,7 трлн теңге деп бағаланады. Оның 3,2 трлн теңгесі немесе 37,3 пайызы мұнай өнімдеріне тиесілі", – деді Әсет Нүсіпов.
Оның айтуынша, пилоттық жобаны екі компания жүзеге асырып жатыр. Оның бірі – сингапурлық, екіншісі – швейцариялық компания.
"Әңгіме дәл молекулалық таңбалау туралы болып отыр, яғни арнайы белгіленген алаңда, ал бізде үш мұнай өңдеу зауыты бар, солардың бірінде таңбаланған молекулалық сұйықтықтың аз мөлшері алынып, жалпы көлемге, мысалы, цистернаға құйылады. Оның көмегімен әртүрлі кезеңдерде нақты бензиннің сұйылтылған-сұйылтылмағанын, қай жерде сатылғанын, қайдан келгенін анықтай аламыз. Пилоттық жоба іске асырылып жатыр, ол 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталды. Пилоттық жобаның нәтижесі сәтті болса, мұнай өнімдерін міндетті таңбалау туралы шешім қабылдаймыз. Менің ойымша, келесі жылы мұнай өнімдерін таңбалауды енгіземіз. Себебі біз қарастырған 17 тауар позициясының үштен бірінен астамын мұнай өнімдері құрайды", – деді Әсет Нүсіпов.
Сауда және интеграция министрлігі Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары Асет Өтеғалиев пилоттық жобаны алдымен субсидияланатын дизель отынынан бастауды жоспарлап отырғандарын айтты. Қазіргі уақытта концентраттың автокөлік механизмдері үшін қауіпсіздігі тексеріліп жатыр.
"Бензин белгілі бір концентратпен араластырылады. Оның автокөлікке зияны болуы мүмкін. Осыған байланысты қазір зертханалар арқылы толық әрі мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Зертхана концентрацияның қауіпсіздігін растаса, бірден тәжірибе жүзінде қолдана бастаймыз", – деді ол.
Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері әзірге міндетті таңбалаудың болашақта жанармай бағасына қалай әсер ететіні туралы болжам жасамай отыр.