Ақтауда Каспий теңізінің түбінен топырақ шығарылып жатыр: себебі белгілі болды
Фото: primeminister.kz
Теңіз түбінен шамамен 1 млн 300 мың текше метр топырақ шығарып, айлақтағы су тереңдігін 6–7 метрге жеткізу қажет. Осылайша порттағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оны Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының өсуіне дайындау көзделіп отыр, деп жеткізді "24KZ" тілшісі.
"Жұмыстардың негізгі мақсаты – Ақтау портының өткізу қабілетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының көлемін ұлғайту. 2028 жылға қарай осы бағыттағы тасымал көлемін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деді "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ құрылыс инженері Әлкен Бегали.
Теңіздің тайыздануы кемелерге жүк тиеу көлеміне әсер етіп отыр. Ал порт арқылы өтетін жүк ағыны артып келеді. Ақтауға кемелер негізінен Бакуден келеді. Сонымен қатар Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға бағытталған транзиттік тасымал көлемі де ұлғайып жатыр.
"Өткен жылы 4 млн 909 мың тонна жүк жөнелтілді. Биылғы жоспар – 5 млн 909 мың тонна. Транскаспий халықаралық көлік бағытының басым бағыттарының бірі – контейнерлік тасымал. Өткен жылы біз жиырма футтық баламада 63 мың контейнерді өңдедік. Қазір 93 мың контейнерді өңдеуге мүмкіндігіміз бар", – деді "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Айтжанов.
Көлік министрлігінің мәліметінше, су түбін тереңдету жұмыстары порттың өткізу қабілетін арттырады. Соның нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 30%-ға ұлғаяды деп күтілуде. Ал жүкті теңіз арқылы тасымалдау құны шамамен 10–15%-ға төмендеуі мүмкін. Су түбін тереңдету жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ресей ғылым академиясының Мұхиттану институты ғалымдары соңғы 30 жылға жуық уақыттағы деректерді талдап, Каспийдің су айдыны 7,4%-ға қысқарғанын анықтады. Бұл шамамен 28,6 мың шаршы шақырымға тең, яғни аумағы жағынан Албаниямен шамалас.