Алматыда алдағы демалыс күндері бірқатар көше уақытша жабылады
Сурет: Zakon.kz
Брусиловский көшесінің бір бөлігі
Атап айтқанда, 10 қазан сағат 22:00-ден 11 қазан сағат 07:00-ге дейін Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі аумақта жол жабынын төсеу жұмыстарына байланысты автокөлік қозғалысы толықтай жабылады.
10 және 11 қазанда сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Алатау даңғылының жекелеген учаскесінде, Райымбек даңғылының оңтүстігінде көлік қозғалысы кезекпен ұйымдастырылады. Бұл инженерлік желілерді қайта жаңалаумен байланысты.
Саин және Шәріпов көшелері
Алматыда Саин көшесін ұзарту жұмыстары аясында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, 10 қазан сағат 07:00-ден 12 қазан сағат 23:00-ге дейін Саин көшесінің батыс жағымен Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі аумақта, сондай-ақ Шәріпов көшесінде көлік қозғалысы жабылады. Шектеу асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстарына байланысты енгізіледі.
Шалов көшесінің бір бөлігі
10 қазан сағат 09:00-ден 16 қазан сағат 09:00-ге дейін көшенің шығыс жағында солтүстік бағыттағы автокөлік қозғалысы толықтай жабылады. Пятницкий көшесіндегі қозғалыс толық ашық болады.
Төле би көшесі
Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру аясында Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Атап айтқанда, 10 және 11 қазан күндері сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Саин көшесінен шығыс бағытқа қарай, жанармай құю бекетінің қарсы бетіндегі жол учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі. Жұмыс жүргізілетін кезеңде Төле би көшесінің қарсы бағыттағы жол бөлігінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
Бұған дейін Алматыда Абылай хан даңғылының бір бөлігі екі күнге жабылатыны хабарланған.



