Алматы облысында 10 жылдан бері жол салуға кедергі болған мәселе шешілді
Фото: Zakon.kz
Бұл Өтеген батыр ауылындағы 1 500-ден астам тұрғынның өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Іле ауданы прокуратурасының мәліметінше, 2014 жылы аудан орталығы Өтеген батыр ауылында 63 гектар жер 664 жеке учаскеге бөлініп, жеке тұрғын үй құрылысына берілген. Кейін осы аумақта "Жаңа Әлем" тұрғын алабы қалыптасты.
Алайда бұрынғы жер пайдаланушының аталған жерлерге жеке меншік құқығы болуына байланысты көшелерді абаттандыру және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілмеген. Осы себепті аудан әкімдігі көшелер мен тротуарларды жайластырып, сыртқы жарықтандыру жүйесін орната алмаған.
"Бұл жағдай тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, жедел қызметтердің оқиға орнына уақытылы жетуіне де кедергі келтірген. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың орын алуына алғышарттар жасалған. Тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Іле ауданының прокуратурасы сотқа жүгінді. Сот шешімімен меншік иесі 20 гектар жерді мемлекет меншігіне берді". Алматы облысы прокуратурасы
Енді жергілікті атқарушы органдар жол желісін салу, аумақты абаттандыру және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстарын бастауға мүмкіндік алды.