"Яндекс Go" жұмысындағы ақаудан кейін такси бағасы үш есе өсті: БҚДА inDrive сервисіне ескерту жасады
Фото: unsplash
Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 13 қазанда БҚДА баспасөз қызметі мәлімдеді:
Бұған 2026 жылғы 11 қазанда "Яндекс Go" сервисінің уақытша қолжетімсіз болуына байланысты жол жүру құнының едәуір өскені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламалар негіз болды. Пайдаланушылардың такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысуы нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен.
inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді.
inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес, жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендетіп, сондай-ақ баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.
Сонымен қатар Агенттік Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығының жоғары шоғырлану деңгейімен сипатталатынын атап өтті. Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін ерекше маңызға ие.
Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен өзге де күтпеген мән-жайлар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін.
Осыған байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жолдады.
Агенттік бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін және оның ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға әрі такси агрегаторлары қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді.