Ақтауда екі қыз балалар алаңын өртеп жіберген: келтірілген шығын 4,9 млн теңге
Фото: Zakon.kz
Lada.kz мәліметінше, 2026 жылғы 11 қазанда күндіз 32А шағынауданындағы №15 үйдің жанындағы балалар алаңынан өрт шыққан. Абырой болғанда оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, алайда ойын алаңы бүлінген. Ал мамандар бір күні ішінде өртке қатысы бар адамдар анықтады.
"Болашақ Өзен" ЖШС өкілдерінің айтуынша, құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар балаларды анықтаған.
"Екі кішкентай қыз балалар алаңында жатқан матрасты өртеп жіберген. Қазір біз заңды тұлға атынан құқық қорғау органдарына мүлікке келтірілген залалды өтеу туралы өтініш дайындадық. Кінәлі балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тартамыз", – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Компания өкілдері балалар алаңындағы резеңке жабынның тез тұтанатын материалдарға жатпайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, жабынның жануына жанғыш заттарды пайдалану сияқты қосымша әсер себеп болуы мүмкін.
Құрылыс компаниясының мәліметінше, өрт салдарынан ойын кешені, әткеншектер мен алаңның жабыны бүлінген. Келтірілген шығын 4 млн 890 мың теңгеге бағаланды.
Бұған дейін 13 қазанда Өскемендегі студенттер жатақханасында өрт шығып, әкімшілік тұрғындарды шұғыл эвакуациялаған болатын.