2027 жылғы жәрдемақылар: Қазақстанда кімдер мемлекеттік төлемдерден қағылуы мүмкін

Деньги, тенге, национальная валюта РК, курс тенге, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.10.2026 13:23 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі жылдан бастап қандай азаматтарға жәрдемақы төлеу тоқтатылуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін Құрылтайдың жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқат деңгейін анықтау және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде қандай деректер ескерілетінін айтқан еді. Ал премьер-министр Олжас Бектенов "өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар бай, ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауға тиіс, олар өз күшіне сенуі керек" деп мәлімдеді.

"ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қолдау жүйесінде алдағы уақытта енгізілетін өзгерістер бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждықты анықтау тетіктерін жетілдіру. Өзгерістердің басты мақсаты – отбасылардың нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың атаулы әрі әділ көрсетілуін қамтамасыз ету. Жаңа тәсіл азаматтардың нақты өмірлік жағдайын ескеруге және бюджет қаражатын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді", – делінген ведомствоның 2026 жылғы 14 қазанда таратқан хабарламасында.

Министрліктің еске салуынша, қазір мемлекеттік жәрдемақылар негізінен санаттық қағидат бойынша беріледі. Яғни азаматтың қолдау алу құқығы оның белгілі бір әлеуметтік санатқа жататынына қарай айқындалады. Алайда бұл тәсіл отбасылардың тұрмыс деңгейіндегі айырмашылықтарды әрдайым ескеруге мүмкіндік бермейді.

"Осыған байланысты отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесі жетілдіріліп жатыр. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде отбасының немесе үй шаруашылығының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын кешенді бағалауды көздейді. Атап айтқанда, қаржылық жағдайы, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкінің, көлігінің, жер учаскелерінің, бизнесінің және кредиттік міндеттемелерінің болуы ескеріледі. Сондай-ақ отбасының құрамы, оның мүшелерінің жасы және басқа да әлеуметтік сипаттамалары назарға алынады", – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның нақтылауынша, кешенді бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік әл-ауқаты бойынша бес санатқа бөлінеді:

  • А – әл-ауқаты жоғары;
  • В – ауқатты;
  • С – әл-ауқаты қанағаттанарлық;
  • D – экономикалық тұрғыдан осал;
  • Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
"Санат жеке бір көрсеткішке қарап емес, отбасының жағдайын сипаттайтын факторлар жиынтығы негізінде анықталады. Сондықтан пәтердің, автокөліктің немесе өзге мүліктің болуы өздігінен отбасын белгілі бір санатқа жатқызуға негіз бола алмайды", – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа тәсілдерге сәйкес, бағалау нәтижесінде отбасы А немесе В санатына жатқызылса, мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып берілетін жекелеген жәрдемақылар тағайындалмайды. Ал бұрыннан алып жүрген осындай төлемдерді заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтату көзделген.

"C, D және E санаттарындағы отбасылардың белгіленген шарттарды сақтаған жағдайда тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы сақталады. Бұл өзгерістер бүкіл әлеуметтік қолдау жүйесінің жойылатынын білдірмейді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін заңнамада көзделген ерекшеліктер мен кепілдіктер отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан сақталады", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Еңбек министрлігі өмірлік жағдайлар өзгерген кезде мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта қаралуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Мұқтаждықты бағалау тетіктерін жетілдіру мемлекеттік қолдаудың атаулылығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын кешенді түрде ескеру азаматтардың жекелеген әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін дәлірек анықтауға және бюджет қаражатын ең алдымен мемлекеттің көмегіне шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

2026 жылғы 12 қазанда Еңбек министрлігі Отбасының цифрлық картасы қазақстандықтардың әл-ауқат деңгейін қалай анықтайтынын түсіндірген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: