Қазақстанда қызметкерді демалыс күні өзінің келісімінсіз жұмысқа тартудың үш жағдайы бар
Фото: pixabay
Uchet.kz түсіндіргендей, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту тәртібі Қазақстанның Еңбек кодексімен реттеледі. Кодекстің 85-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді оның демалыс күні жұмысқа тарту үшін қызметкердің жазбаша келісімін алуы керек немесе бұл қызметкердің өз бастамасымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Заңда демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынған қызметкерлер санаттары және қосымша жұмыс үшін төленетін өтемақы тәртібі де белгіленген. Сонымен қатар жұмыс беруші тиісті бұйрық шығаруы керек. Ол қағаз түрінде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электрондық форматта рәсімделуі мүмкін.
Осылайша, демалыс күні заңды түрде жұмысқа шығу үшін, әдетте, екі құжат қажет: қызметкердің жазбаша келісімі немесе өтініші және жұмыс берушінің бұйрығы.
Қазақстан Еңбек кодексінің 86-бабында жұмыс беруші қызметкерді оның келісімінсіз жұмысқа тарта алатын үш ерекше жағдай қарастырылған. Олар:
- Төтенше жағдайлардың, табиғи апаттардың және өндірістік авариялардың алдын алу немесе олардың салдарын шұғыл жою үшін.
- Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу немесе оларды тергеп-тексеру, сондай-ақ мүліктің жойылуына немесе бүлінуіне жол бермеу үшін.
- Бүкіл ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің қалыпты жұмысын жалғастыруына әсер ететін, алдын ала болжанбаған шұғыл жұмыстарды орындау үшін.
Ал өндірістік жүктеменің артуы, есепті шұғыл тапсыру қажеттілігі немесе басшының жобаны тезірек аяқтағысы келуі өздігінен қызметкерді оның келісімінсіз жұмысқа шақыруға негіз болмайды.
Бұған дейін Алматы облысындағы перинаталдық орталық қызметкерлерінің жалақы бойынша 200 млн теңгеге жуық берешекке қатысты шағымданғаны хабарланған болатын. Медицина қызметкерлері екі айдан бері жалақы алмағанын айтқан еді.