Пәтердегі жылу мәселесін кім шешуге тиіс: алматылықтарға түсініктеме берілді
Фото: pexels
Мамандардың айтуынша, жылу жүйесінің тік құбыры көпқабатты үйдің барлық қабаты арқылы өтіп, жүйедегі ыстық судың айналымын қамтамасыз етеді.
Құбыр бітелсе, ыстық судың өтуі қиындайды. Соның салдарынан батареялар нашар жылытуы немесе мүлде суып қалуы мүмкін.
Тік құбырлар үйдің ортақ мүлкіне жатады. Оларға қызмет көрсету мен жөндеуге пәтер иелерімен бірлесіп үйді басқарушы ұйым жауап береді.
Құбырлар неге бітеледі?
Уақыт өте келе құбырлардың ішіне тот пен кір жиналып, су өтетін саңылау тарылады. Бұл су айналымына кедергі келтіреді.
Сондай-ақ жөндеу кезінде құбырларды дұрыс ауыстырмау немесе диаметрі кішірек құбыр орнату да мәселе туғызуы мүмкін. Мұндай өзгерістер бір пәтердің ғана емес, көрші пәтерлердің де жылумен қамтылуына әсер етеді.
Батареялар суып қалса, не істеу керек?
Пәтердегі батареялар суып қалса немесе нашар жылытса, үйді басқарушы ұйымға, пәтер иелері кооперативіне (ПИК) немесе мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) хабарласу қажет.
Мамандар жүйені тексеріп, қажет болса, оны жуып-тазалайды немесе құбырдың зақымданған бөлігін ауыстырады.
"Тік құбырлар бітеліп қалмауы үшін жылыту маусымдары арасындағы кезеңде профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет", – деп түсіндірді "Алматы жылу жүйесі" өкілдері.
Бұған дейін қаланың барлық сегіз ауданында жылытуға қатысты ақаулар мен мәселелер бойынша тұрғындар хабарласа алатын жауапты мамандар белгіленгені хабарланған еді.