Қасым-Жомарт Тоқаев инвестор тарту жүйесін сынға алды
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инвестор тарту және оларды қолдау жүйесінде бірізділік жоқ екенін айтып, инвестициямен жүйелі айналысатын мекемені анықтау қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы әлемде инвестицияға талас күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бәсекеге қабілетті болу үшін шешімдерді жедел қабылдап, жылдам әрекет ету қажет.
"Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіру керектігін айтты.
"Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек", – деді мемлекет басшысы.
Президент бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілгенін, мұндай тәсілдің заман талабына сай келмейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол "Бәйтерек" холдингінің инвестиция тартудағы рөлін күшейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
"Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен "Бәйтерек" холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript