Мемлекеттік көмек шынымен мұқтаждарға берілуге тиіс – Президент
Фото: Zakon.kz
Мемлекет басшысы мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Үкімет алдындағы басты міндеттердің бірі.
Президент әлеуметтік салада өзекті мәселелер аз емес екенін, Үкімет оларды шешуге қатысты ұсыныстар беріп жатқанын жеткізді. Қоғамда бұл мәселелер қызу талқыланып, азаматтар өздерін алаңдатқан жайттарды ашық айтуда.
"Сондықтан бұл күрделі мәселені "өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай", байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттелуі және азаматтардың жағдайын мейлінше ескеруі керектігін айтты.
"Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мемлекеттің негізгі мақсаты халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.
"Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз", – деді мемлекет басшысы.
Президент осыған байланысты адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріліп отырғанын жеткізді.