Сайранның суы тартылып, көпірі алынды: көл қазір қандай күйде - фоторепортаж
Сурет: Zakon.kz.
Жақында ғана көл алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі әрі мегаполистегі басты серуендеу аймақтарының бірі болатын. Жасыл түсті суға шомылуға тыйым салынғанына қарамастан, қала тұрғындары мұнда уақыт өткізгенді ұнататын. Жасы үлкендеу адамдар музыка тыңдап, понтон көпірімен серуендесе, жастар жергілікті скейт-паркті жиі пайдаланатын.
Алайда жылы маусымның да аяқталатын кезі келді. Адамдар салқын желден қорғану үшін күртелерін киіп, ауа температурасы төмендей бастады. Онымен бірге Сайрандағы су деңгейі де түсті.
"23 қазанда шлюздер ашылып, көлдегі суды жоспарлы түрде кезең-кезеңімен ағызу басталды. Бұл процесс шамамен бір апта бойы біртіндеп жүзеге асырылады. Суды кезең-кезеңімен ағызу оның деңгейін бақылаумен төмендетуге мүмкіндік береді", – деп хабарлаған Алматы әкімдігі.
Енді жасанды су қоймасы көзді қуантқан көрінісімен емес, жағымсыз иісімен назар аударып отыр. Су деңгейінің төмендеуі бұрын су астында жатқан қалдықтарды ашып, көлдің жағымсыз иісін күшейткен.
Сайранның қазіргі көрінісі осындай.
Сонымен қатар алматылықтардың сүйікті орнына айналған, көлдің қарама-қарсы жағалауларын жалғаған понтон көпір де алынып тасталды.
Әкімдіктің түсіндіруінше, суды жыл сайын маусымдық ағызуға байланысты көпірді бөлшектеу қажет. Бұл құрылымның сақталуын қамтамасыз ету және нысанды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беру үшін жасалады.
"Понтон көпірді бөлшектеу жұмыстарын ведомстволық бағынысты "Жасыл Алматы" ЖШС жүргізіп жатыр. Жұмыстар су қоймасын маусымдық дайындау аясында атқарылуда. Бұл мақсатқа қосымша бюджет қаражаты бөлінбейді. Қысқы кезең аяқталып, қолайлы ауа райы қалыптасқаннан кейін құрылымды қайта орнату жоспарланып отыр", – деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Ал су қоймасының түбін тазарту мәселесіне келсек, әкімдікке қарасты "Тау Су Қызмет" ЖШС бұл мәселені қарастырады. Қажет болған жағдайда, техникалық мүмкіндіктер мен тиісті қаржыландырудың болуына қарай тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Жергілікті су лалагүлдерінің сақталуына алаңдаған тұрғындар үшін де арнайы шаралар қарастырылған. Қала әкімдігі мынадай жұмыстарды жоспарлап отыр:
- Су лалагүлдері өсетін аумақтарды тамырсабақтары мен өсу нүктелерін қорғау үшін қалыңдығы 25–30 см құрғақ ағаш жаңқаларымен жабу.
- Жауын-шашын мен еріген қар суының әсерін азайту үшін жабынның үстіне қорғаныш үлдір төсеу.
- Үлдірдің шеттерін топырақпен бекітіп, аяздан қорғауды күшейту үшін үстінен құрғақ жапырақтар төсеу.
Ал қысқы демалыс түрлерін ұйымдастыру әзірге жоспарланбаған. Бұған су қоймасының техникалық нысан ретіндегі ерекшелігі себеп.
"Сайран көлі гидротехникалық құрылыс болып саналады. Мұндай нысандарда қысқы демалыс түрлерін ұйымдастыру келушілердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін әрі нысанның функционалдық мақсатына сәйкес келмейді", – деп түсіндірді әкімдік.
Айта кетейік, биліктің Сайран аумағын абаттандыруға бағытталған белсенді жұмыстары 2023 жылғы 7 сәуірде Алматы қаласының Жер комиссиясы отырысында басталды. Сол кезде аумақты абаттандыру үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою рәсімін жүргізу мүмкіндігі туралы шешім қабылданған еді.
Бұған дейін 1989 жылдан бері жөнделмеген аумақ лайдың өткір иісімен, қараусыз қалған күйімен және су құрамынан ішек таяқшасының анықталуына байланысты туындаған дау-дамайлармен тұрғындардың назарын аударған болатын.






