30 жыл күткен балабақша әлі ашылған жоқ: Атыраудағы 2 млрд теңгелік нысан неге бос тұр

Детский сад, детские сады, детсады, детский садик, детские садики, дети, няни, няня, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.11.2026 10:53 Фото: Zakon.kz
Атырау қаласының шетіндегі Талғайран шағынауданының тұрғындары құрылысы 30 жылға жуық күткен жаңа балабақшаның ашылуын талап етіп отыр. Оның пайдалануға берілуіне не кедергі болып отырғанын 2026 жылғы 4 қарашада Атырау облыстық Құрылыс басқармасында түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК арнасының мәліметінше, балабақша ғимараты жарты жылдан астам уақыт бойы бос тұр. Ал жергілікті тұрғындар балаларын көрші ауылға тасуға мәжбүр. Атыраулықтар құрылыс сапасына күмән келтіріп, жаңа балабақшаны тіпті бұзып тастауы мүмкін деп алаңдайды. Тілшілер бұл мәселенің мән-жайын анықтады.

Тұрғындардың айтуынша, шағынауданда кішкентай балалары бар отбасылар көп. Сондықтан олар балабақша құрылысының басталуын ұзақ күткен.

Бұл үміттің орындалуын тұрғындар 30 жылға жуық күтті. Тек 2023 жылы құрылыс техникасы келіп, іргетасы құйылды. Құрылыс баяу жүрсе де, ақыры аяқталды. Алайда балабақшаның ашылуын тұрғындар әлі күтіп жүр.

Тұрғын Назира Жалмұханованың айтуынша, құрылыс наурыз айында аяқталған.

"Балаларды қорғау күніне орай балабақша ашылады деп үміттендік. Бірақ ашылмады. Кейін қыркүйекте ашылады деді. Қыркүйек те өтіп кетті. Енді мүлде ашылмайды деген әңгіме тарап жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті рұқсат бермей отыр дейді", – деді ол.

Тұрғындардың шағымдануынша, балаларын 10 шақырым жердегі Бесікті ауылына апаруға мәжбүр. Оның үстіне, автобустар тұрақты жүрмейді, ал балабақшаға кешіккен балаларды қабылдамайды. Әр сапар тұрғындар үшін әбігер мен қиындық туғызады. Сондықтан өз шағынаудандарында балабақша салынғанына, әсіресе көпбалалы отбасылар қатты қуанған.

"Екі балам да балабақшаға барғысы келеді. Мен де оларды осында апарып, жұмысқа алаңсыз кеткім келеді. Ғимарат бірнеше жыл бойы салынды. Іргетасын құйып, бір жыл бойы сол күйі тұрды. Келесі жылы да ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Кейін қабырғалары көтеріле бастады. Біз соған қарап қуанып, жақында ашылады деп ойладық. Енді бірде ашылады дейді, бірде мүлде бұзылады деген әңгіме айтады", – деді Атырау тұрғыны Динара Байғалиева.

Тұрғындардың алаңдаушылығына бұған дейін сапасыз құрылыс салдарынан бұзуға тура келген жергілікті үйлер туралы оқиғалар да себеп болған. Олар балабақша ғимараты да құрылыс талаптарын бұза отырып салынуы мүмкін деп қауіптенеді.

Алайда шенеуніктер құрылыс сапасына қатысты мәселе жоқ екенін мәлімдеді. Тек өрт қауіпсіздігіне қатысты құжаттамада қателіктер анықталған. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр.

"Бұл нысан бойынша мамандар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне қорытынды тексеру жүргізуі керек. Осыдан кейін 15 қарашаға дейін тиісті қорытынды аламыз. Ал желтоқсан айында нысанды пайдалануға береміз. Қазіргі уақытта балабақшаның пайдалануға берілмеуіне өрт қауіпсіздігі талаптары себеп болып отыр. Өйткені бұл – мектепке дейінгі жастағы балалар болатын және білім алатын мекеме", – деді Атырау облыстық Құрылыс басқармасы бөлімінің басшысы Ернар Қадырбай.

Егер барлық жұмыс жоспарға сай орындалса, балалар алғашқы сабақтары мен ертеңгіліктерін биылғы жылдың соңына қарай бастайды деп күтіледі.

Балабақша құрылысына бюджеттен 2 млрд теңге жұмсалған. Нысан 280 балаға арналған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 4 қарашада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанда Халықтық құрылыс жылы аясында қандай нысандар салынатынын мәлімдеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: