Тоқаев: Орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді
Фото: Zakon.kz
Президенттің айтуынша, ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тіліне айналуы керек. Ол үшін отандық ғалымдардың әлеуетін арттырып, жоғары оқу орындары қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне басымдық беруі қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі бірізділік мәселесіне назар аударды. Оның сөзінше, қазір кейбір сөздер, ұғымдар мен түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл жағдай қоғамды шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді.
"Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, ең алдымен емле мен ережелерді реттеп, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңарту қажет.
"Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет", – деп түйіндеді Президент.
Ол Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі ресми түрде 1983 жылы бекітілгенін еске салды. Кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген және заңды күші жоқ.