Үш жылда 800 кітап оқыған астаналық оқушы көпшілікті таңғалдырды
Сурет: Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков кітап оқуды сүйікті ісі санайды. Оның сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай және Мұқағали Мақатаев бар. Ол қазақ және орыс тілдерінде кітап оқиды. Сондықтан әдебиетке деген қызығушылығы отандық жазушылардың шығармаларымен ғана шектелмейді.
Оқушы кітап оқуға деген сүйіспеншілігін достарына да дарытуға тырысады. Ол оларға жай ғана кітап ұсынбайды, алдымен қандай тақырыптар мен жанрларға қызығатынын сұрайды. Содан кейін талғамына сай шығармаларды таңдап береді. Оның пікірінше, адамға кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын туындыны табуға көмектесу маңызды.
"Батыр "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафонына қосылды. Қорытынды емтихандарға дайындалып жүрсе де, жобаға қатысуға уақыт табуға тырысады. Марафон аясында осы уақытқа дейін бес-алты кітап оқып, олар туралы пікірлерін жариялады", – деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 10 қарашада.
Мектепті бітіргеннен кейін Батыр Балтабеков тарих мамандығын меңгеріп, мұғалім болуды армандайды. Ал қазірдің өзінде ол 100-ге жуық өлең жазған.
Бұған дейін ғалымдар қағаз кітап оқудың күтпеген пайдасын анықтаған еді. Мұның сыры тек кітап оқудың ерекше атмосферасында емес, мидың жұмыс істеу ерекшеліктері мен адамның зейінін шоғырландыру қабілетінде екені айтылған.