Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды анықтап, жұмысқа орналасуға көмектеседі

Биржа труда, рынок труда, карьерные центры, поиск работы, карьера, собеседование, работа, работники, сотрудники, наем, трудоустройство, прием на работу, профессия, профессии, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.11.2026 12:56 Фото: freepik
Қазақстанда жұмыс іздеген азаматтарға қолдау көрсету үшін "Цифрлық жұмыспен қамту қызметі" енгізіліп жатыр. Енді мамандар азаматтардың өтініш беруін күтпей, өздері көмек ұсынып, жұмысқа орналасқанға дейін қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 13 қарашада хабарлағандай, жаңа тәсіл мансап орталықтарында бір реттік кеңес беруден азаматқа жұмыс іздеудің барлық кезеңінде жүйелі көмек көрсетуге көшуді көздейді.

"Негізгі бағыттардың бірі – жұмысқа орналасуға жәрдем қажет азаматтарды олардың мансап орталығына жүгінуін күтпей анықтау. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде жұмыс іздеуі ықтимал азаматтар анықталып, оларға көмек ұсынылады. Азаматтар бұл көмекті Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы ала алады", – деп мәлімдеді министрлік.

Азаматтың келісімімен оның білімі, жұмыс тәжірибесі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтер қамтылған цифрлық түйіндеме автоматты түрде жасалады. Жасанды интеллект осы деректерге сүйеніп, оған лайықты бос жұмыс орындарын іріктейді және жеке ұсынымдар әзірлейді.

"Азаматтармен байланыс орнату үшін ұялы телефон арқылы пайдалануға болатын жасанды интеллект көмекшісі қарастырылған. Ол диалог түрінде жұмыс істейді. Жұмыс іздеуші қандай жұмыс қалайтынын айтып, еңбек жағдайларын нақтылай алады. Сондай-ақ өзіне лайықты бос жұмыс орындары, оқу мүмкіндіктері және жұмыспен қамтуға бағытталған өзге де мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұсынымдар алады", – деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, жаңа қызмет тек цифрлық жүйе арқылы жұмыс ұсынумен шектелмейді. Мансап орталықтарының мамандары азаматтарға ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға көмектесіп, жұмыс іздеу барысында тұрақты қолдау көрсетеді.

"Маман жұмыс іздеушіге кеңес береді, түйіндеме дайындауға, бос жұмыс орындарына өтінім жіберуге және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Егер азамат жұмысқа орналаса алмаса, себебін анықтап, онымен бірге келесі қадамдарды белгілейді. Мәселен, басқа бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастыру, түйіндемені түзету немесе келесі әңгімелесуге дайындалу қажет болуы мүмкін", – деп хабарлады министрлік.

Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін арнайы цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. Олар әр азаматқа жауапты маман бекітуге, көрсетілген кеңестерді тіркеуге, алдағы іс-шараларды жоспарлауға және жұмыстың нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді.

"Цифрлық жұмыспен қамту қызметі" жобасы 2026 жылғы шілдеден бері Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 59,2 мың адамға жұмысқа орналасуға көмек ұсынылған. Қазірдің өзінде жоба аясында 7,5 мың адам жұмысқа орналасты.

Министрлік 2026 жылдың соңына дейін бұл қызметті еліміздің барлық өңіріне енгізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Zakon.kz Қазақстанда бірнеше жұмысты қатар атқаруға бола ма және оған қандай талаптар қойылатыны туралы жазған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: