Қазақстанда жеті жылда 625 өндіріс орны ашылып, 3,6 млн адам жұмыспен қамтылды – Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы шетелден тартылған инвестиция, сыртқы сауда және елдің қаржы резервтері туралы да мәлімет берді.
"2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына жалпы сомасы 2,5 млрд доллар аударылған. Тоқаев мұны бүгінгі буынның өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосқан үлесі деп бағалады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында азаматтарға мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілетінін айтты. Бұған қоса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жәрдемақының 39 түрі қарастырылған.
"Соңғы жеті жылда елімізде 625 орта және ірі өндіріс орны ашылды. 3,6 миллион адам жұмыспен қамтылды. 118 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 36 мың шақырым автокөлік жолы және 5 мың шақырым теміржол салынып, жөнделді", – деді Президент.
Тоқаев Қазақстан уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт және ванадий секілді табиғи ресурстардың қоры жөнінен әлемдегі жетекші елдердің қатарында екенін атап өтті.
"Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары", – деді Мемлекет басшысы.