М.Ломоносов атындағы ММУ филиалы Қазақстанда 25 жылдан бері студенттер қабылдап келеді – Тоқаев
Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, әлемнің жетекші оқу орындарымен серіктестік орнату бағытындағы ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған. Осы орайда ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы 25 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім және ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналған. Жуырда филиалдың 25 жылдық мерейтойына орай жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылды. Оқу орны дипломатия, экономика және цифрлық технологиялар бағыттары бойынша сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісті. Қазір институтқа арналған жаңа ғимараттың құрылысы да қолға алынған.
Президент білім беру және ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.