Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станцияларының көрсеткіштері қалай тексеріледі
Фото: unsplash
Ресми деректерге сүйенсек, 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 40 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Электромобильдермен қатар қуаттау станциялары да көбейіп келеді. Сондықтан жұмсалған электр энергиясын дәл есептеудің маңызы арта түсті.
Осы мақсатта "ҚазСтандарт" екі ұлттық стандарт әзірледі. Айнымалы токпен жұмыс істейтін станцияларға ҚР СТ 2.761-2026, ал тұрақты токпен жұмыс істейтін станцияларға ҚР СТ 2.762-2026 стандарты қолданылады. Екі стандарт та 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енген.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, мамандар станцияны бөлшектемей, орнатылған жерінде салыстырып тексереді. Олар арнайы эталондық жабдықтың көмегімен станцияның көлікке берілген электр энергиясын қаншалықты дәл есептейтінін және оның көрсеткіштері белгіленген талаптарға сай келетінін анықтайды.
Жаңа талаптар қуаттау станцияларының операторларымен және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен талқыланды. "ҚазСтандарт" 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін орнатылған станциялардың техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, оларға қолданыстағы салыстырып тексеру әдістемелерін қолдану мүмкіндігін де бағалап жатыр.
Бірыңғай талаптар жүргізушілерге қуаттау ақысының қалай есептелгенін түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және жүргізушілердің қуаттау станцияларына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.