Нұрболат Абдуллин танымал хит әнді ұрлап алғанын мойындады
Zakon.kz
Бұл ән 2003 жылдары түрік елінде хит болып кеткен.
“Сүйгенің қайда”, “Сен қорқақсың” сынды бірқатар әндерімен танымал боп кеткен Нұрболат Абдуллин бұған дейін ешкімге айтпаған құпиясымен бөлісті. Әнші хитке айналып кеткен “Сен қорқақсың” әнін автордың рұқсатынсыз орындап жүргенін мойындады. Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Нұрболаттың айтуынша, аталған ән бір кездері түрік, өзбек елдерінде танымал болған.
“Бұл ән 2003 жылдары түрік елінде хит болып кеткен, одан бертін келе 2009 -2010 жылдары Өзбекстанда хит болған. Негізі шығу тарихы Түркияға, ТМД-ға белгілі әнші Сердар Орташтан басталады. Жалпы еуро-шығыс әндеріне бір бүйрегім бұрып тұрады”, – деген Нұрболат бұл әнді қайдан тапқанын да әңгімелеп берді.
“Бір күні Жігер Ауыпбаев екеуміз кездесіп қалдық. Содан әңгімеден әңгіме шығып, маған деген жанашырлығы шығар, осы әнді өзі айтпай, маған ұсынды. Тыңдап, шумағы біртүрлі екен дедім. Себебі рэп, RNB стилінде айтып көрмегем, бірақ қайырмасы ұнап қалды. Жігер Ауыпбаевқа рахмет, шын ниетімен берген сияқты. Кейіннен әннің сөзін бір айдай жаздық, мәтіні Ершат Қайболдиндікі. Бәрін болған соң, клип түсірдік”, – дейді Абдуллин.
Нар тәуекел деп біреудің әнін рұқсатсыз алған Нұрболат заң талап еткен жағдайда, айыппұл төлеуге дайын екенін айтады.
“Құжат жүзінде рұқсатым жоқ. Шыны керек, Сердар Орташқа шығу үшін біраз әрекет жасадық, бірақ дым ыңғайы келмеді. Келіп хабарласатын болса, шешілмейтін түйін жоқ қой. Енді жақсы көргеннен кейін орындадық, бақытымызға, бағымызға орай танымал болып кетті. Ақысы, айыппұлы болса оны да берерміз”, – деп түсіндірді әнші.
Фото: stan.kz
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript