Құрманәлиев, Майқанова, Бағланова, Римова: Бүгін өнердің дүлдүлдері дүниеге келген күн
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бүгін Халық әртісі, композитор, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтің туған күні. Ол Е.Брусиловскийдің "Ер Тарғын", "Айман-Шолпан", "Қыз Жібек", Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операларында күрделі партиялар мен түрлі рөлдер ойнады.
Оның кемеліне келтіре орындаған "Айнамкөз", "Үлкен айдай", "Ақ кербез", "Ісмет", "Боз жорға", "Он алты қыз" т. б. халық әндері көпшілік көңілінен орын алды. Композитор орындаушылық өнерімен қатар "Ақ Жайық", "Сүйген жар", "Нұржамал", "Жан еркем", "Аққу", "Сүйемін туған өлкемді" сынды көптеген ән шығарды.
Ғарифолла Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, әлемдік сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш етті.
Сондай-ақ бүгін Халық әртісі, актриса Сәбира Майқанованың туған күні. Сәбира Майқанованың театр сахнасындағы тұңғыш рөлі – Б.Майлиннің "Майдан" драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Актриса 1954 жылдан бастап киноға түсе бастады. "Махаббат дастанында" – Мақпал, "Қыз бен жігітте" – Гүлбарша, "Біз осында тұрамыз" фильмінде – Торғын, "Қыз Жібекте" – Қамқа рөлдерін сомдады. Жазушы Д.Исабеков актрисаға "Мұрагерлер" драмасын арнады. Осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова басты рөл – Салиқаны ойнады.
Актриса Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
1922 жылы 1 қаңтарда Халық әртісі, Халық қаһарманы, әнші Роза Бағланова да дүниеге келіпті. Әнші Қазақ опера және балет театрының, Қазақ филармониясының, Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал етті. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар мен шет ел халықтарының әндерін нақышына келтіре орындады.
1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-ші фестивалінің лауреаты атанды. Біртуар әнші "Ленин", "Еңбек Қызыл Ту", "Халықтар достығы" ордендерімен, "Шапағат" медалімен марапатталған.
Сондай-ақ бүгін театр және кино актрисасы Бикен Римованың туған күні. Қазақ ССР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римова шығармашылық жолын Мұхтар Әуезовтың "Еңлік-Кебек" қойылымындағы Еңлік рөлін сомдаудан бастаған. Театрдағы рөлдері көбінесе әйел образын ашуға, болмысын көрсетуге бағытталады. М.Әуезовтың "Еңлік-Кебегінде" Еңлік, "Қаракөзде" Маржан, Ш.Айтматовтың "Ана-Жер-Анасында" Жер-Ана, Н.Гогольдің "Ревизорында" Пошлепкина т.с.с. рөлдерін ерекше атап өтуге болады.
Актриса "Тақиялы періште", "Менің атым Қожа", "Шабандоз қыз", "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" сынды бірқатар киноларға, өмірінің соңғы жылдары отандық "Тоғысқан тағдырлар" телехикаясына түсті.
Айта кетсек, 2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Алматы музейінде көрме ашылған болатын.