Астана мен Алматыда 18 мамырда "Музей түні - 2025" акциясы өтеді

Музей түні - 2025, Астана, Алматы, 18 мамыр, акция , сурет - Zakon.kz жаңалық 18.05.2025 11:48 Сурет: Zakon.kz
18 мамыр – Халықаралық мұражайлар күні, тарих, мәдениет және ұрпақтар жадын сақтаушылар мерекесі. Осы іс-шараның құрметіне қазақстандықтарға тегін ерекше экскурсиялар ұсынылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 275 музей жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы халқымыздың бай тарихи-мәдени және археологиялық мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде айрықша орын алады. Өткен жылдың өзінде Қазақстан музейлерін 6,6 миллионнан астам адам аралаған. Бұл – қоғамымызда музейге деген қызығушылықтың, тарихи таным мен мәдени мұраға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді.

"Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында "Алтын адам", "Тақсай ханшайымы" секілді бірегей тарихи артефактілермен қатар, Страдивари мен Гварнеридің сирек музыкалық аспаптары сынды жауһар дүниелер бар", делінген министрлік хабарламасында.

Мемлекет басшысының айрықша қолдауы мен қамқорлығының нәтижесінде биыл еліміздің екі жетекші музейіне – Орталық мемлекеттік музей мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне "Ұлттық" мәртебе берілді.

Бұл – аталмыш мекемелердің еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілету ісіндегі өлшеусіз еңбегін айғақтайтын маңызды қадам.

Отырар, Сауран, Маңғыстау өңірінің ескерткіштері сияқты ашық аспан астындағы музейлер бүгінде тарихи-рухани маңызы зор орындар ғана емес, сондай-ақ ғылыми-ағартушылық орталықтарға айналып отыр.

Бұл жерлер арқылы халқымыздың терең тарихына бетпе-бет келіп, оның болмысын жан-тәнімізбен сезінеміз.

Музейлеріміз – тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар зерттеу, ағарту және қалпына келтіру жұмыстарын қатар жүргізетін маңызды орталықтар. Олар ұрпақтар жадын мұқият сақтап, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қызметін атқарады.

Биыл елімізде Қытай мен Германия музейлерімен бірлескен халықаралық бастамалар, әйгілі Третьяков галереясында өтетін отандық өнер туындыларының көрмесі секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

Астана

Қазақстанның Ұлттық мұражайы

18 мамырда мұнда экскурсиялар, квест-дәріс және шеберлік сыныптары өтеді. Қонақтар ежелгі дәуірге "саяхаттап", олардың алдында Алтын адамның және басқа да экспонаттардың бейнелері тіріліп, қызықты тарихи атмосфера тудырады.

Концерттік бағдарлама аясында Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі және симфониялық оркестрлері, сондай-ақ "Joshy Qazaq Ethno Group" бірегей музыкалық ұжымы өнер көрсетеді.

Іс-шараны қолөнершілер жәрмеңкесі, заттарды қалпына келтіру бойынша шеберлік сыныптары, "жанданған экспонаттар" квесті жалғастырады, ал кештің соңын ежелгі қазақ мотивтері заманауи музыкалық ырғақтармен үйлесе берілетін "Дала әуендері" этно-DJ-желілері түйіндейді.

Алматы

Орталық мемлекеттік мұражай

Мұнда Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, музыкатанушылар Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шығармашылық мұрасына арналған көрмелер мен іс-шаралар өтеді.

Бұл күні Ұлы Отан соғысының батырлары – Мәншүк Мәметова мен Боран Нысанбаевтың мемориалдық мұражайларының қатысуымен "музей шеруі" өтеді. Кештің ең көркем экспозициясы - "Қорлардың інжу-маржаны", оған бұрын келушілерге ұсынылмаған сирек кездесетін және ерекше экспонаттар кіреді.

Кеш бағдарламасы бірегей музыкалық аспаптардың Мемлекеттік коллекциясы қорларынан сирек кездесетін аспаптардағы классикалық музыка концертімен толықтырылады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған қалпына келтіру шеберханалары, ғылыми интерактивтер, мұражай квесттері, ойындар мен викториналар жоспарланып, өз қызметін көрсетеді.

Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік мұражай

Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарын театрландырылған музыкалық және би қойылымдары, спектакльдер, авторлық экскурсиялар, дәрістер және басқа да жағымды тосынсыйлар күтіп тұр. Мұражай ұжымы "Тірі мұра: уақыт диалогындағы өнер" көрмесін және "Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері" каталогының тұсаукесерін ұсынады.

Балалар мен жасөспірімдер үшін "Өнер агенті: бейнелер патшалығындағы құпия хабарлама" атты танымдық және интерактивті квест-ойын ұйымдастырылады. Биылғы іс-шара Өнер мұражайының 90 жылдық мерейтойы аясында өтеді.

Сонымен қатар бағдарламада белгілі отандық өнертанушылар мен еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің қатысуымен еркін форматтағы экскурсия-әңгіме-дүкен құрылады.  Мерекенің шымылдығын арнайы концерттік шара жабады: классикалық музыка орындалады, хореографиялық және театрлық қойылымдар сондай-ақ тамаша спектакльдер ұсынылады.

"Музейдегі түн – 2025" акциясы аясында тақырыптық іс-шаралар Қазақстанның музей-қорықтарында да өтеді. Бұл күні келушілер үшін елдің барлық мұражайларына кіру тегін болады.  


Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: