Қазақстандық жігіт әнші Дженнифер Лопеске неге үш раушан сыйлағанын түсіндірді
Сурет: Threads/madick.pics
Ол бұл туралы 2 тамызда Threads желісінде жазды.
"Threads-та қарап отырсам, бәрі менің сыйлаған үш раушаным жайлы талқылап жатыр", - деп жазды Молдашев.
Оның айтуынша, ол әдейі шағын гүл шоғын таңдаған, себебі көпшіліктің арасында үлкен букет бүлініп қалуы мүмкін: "Алдыңғы қатар үшін күресте кәдімгі гүл шоғынан түк қалмас еді. Ал кішкентайы ыңғайлы – жіңішке, жеңіл, сыртта 8 сағат, залда 4 сағат шыдады".
Мадияр әзілдеп, енді кез келген адам сүйіктісіне бес гүл ғана сыйлай алады, өйткені "Джей Ло үш гүлге де қуанды" деді. Ол концерт кезінде жұлдызбен бірге селфи де түсіп үлгерген.
Сондай-ақ, ол әншінің Алматыдағы келесі концертінде жанкүйерлерді үш раушан гүлін целлофанға орап алып келуге кеңес берді.
Америкалық жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанадағы концерті 1 тамыз, жұма күні өтті. Ал 10 тамызда 56 жастағы актриса Алматыны дүр сілкіндірмек. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, барлық билет сатылып кеткен.