MrBeast-тің Өзбекстанға сапары дүрбелеңге ұласты: көшелерді жанкүйерлер жауып, шатырларға мергендер шықты
Сурет: Instagram/uz24ru
Алғашқы күні жанкүйерлермен кездесу және блогердің Өзбекстанға сапарына арналған муралдың таныстырылымы өтті.
Бастапқы жоспар бойынша филантроп пен оның командасы Ташкенттен Самарқандқа, одан әрі Бұхара мен Хиуаға баруы керек болған.
Алайда мешіттері мен кесенелерімен танымал Самарқандқа барғаннан кейін көпшілік қатысатын іс-шаралар мен түсірілімдерді тоқтатуға тура келді.
Бұған блогерге деген ерекше қызығушылық себеп болған. Америкалық жұлдыздың мыңдаған жанкүйері көшелерді жауып, қоршауларды бұзып өтіп, блогердің көлігін әуежайға дейін қуа барған.
Әлеуметтік желілерде қалың топтың өз кумирін басып қала жаздаған сәті түсірілген видеолар тарады.
"Он мыңдаған адам оны көруге және қолын тигізуге тырысып, бірін-бірі итеріп, кептеліс тудырды. Жағдай ушығып, ессіздікке ұласқандықтан, қаланың әр жеріндегі ғимараттардың шатырларына мергендер орналастырылды", – деп жазады 1chi.uz – Өзбекстан жаңалықтары Telegram-арнасы.
Енді блогердің командасы Бұхара мен Хиуадағы түсірілімдерді оның қатысуынсыз жалғастырады.
MrBeast (Джимми Дональдсон) – YouTube желісіндегі әлемдегі ең танымал видеоблогер, филантроп әрі табысты кәсіпкер. Оның MrBeast атты негізгі арнасына жүздеген миллион адам жазылған. Бұл оны YouTube тарихындағы ең ірі жеке арна иесіне айналдырады.