Жамбылда қолын қанға былғаған имам өзіне де қол салды
Жамбыл облысы Бесағаш ауылының имамы құрдасын пышақтап өлтіріп, артынан өзі асылып қалды. Қанды оқиғаға кінәлі әйел болуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
- 51 жастағы азамат ас бөлмесіндегі пышағын алып шығып, көршісіне пышақ салып, соңғысы оқиға орнында қаза болған. 51 жастағы азамат көршісінің қаза болғанына көзі жетіп, ауланың аяқ жағына барып, жіпке асылып өлген, - дейді Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Дәулетжан Бектембаев.
Кейбір бейресми дерек бойынша, 15 жылдық тәжірибесі бар имам жұбайын құрдасынан қызғанған деседі.
"Қайғылы оқиға 51 жастағы азаматтың қорасында болған. Имам оның жүрек тұсына пышақ сұғыпты. Замандасы сол жерде есін жимастан көз жұмған. Екі марқұм бір-бірімен түйдей құрдас. Қансырап өлген кісі бойдақ, ал асылып қалған молданың үш баласы мен жары бар. Ел ішінде кішкентайынан бірге өскен достар арасындағы дауға әйел себеп болуы мүмкін деген қауесет тарап жатыр", - дейді телеарна тілшісі.
Бірақ бұл қаңқу сөзді әзірге құзырлы орын растаған жоқ. Қазір бұл жантүршігерлік дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал ауыл адамдары қолын қанға бояп, артынан өзін өлтірген дін жолындағы азаматтың қызу қанды болғанын жасырмады.
- Келіспеушілік екеуінің арасында болып отыр ғой. Мына жақтағы Қанат деген жігіт бойдақ, мынау үйленген, үш баласы бар. Айтып отырмын ғой, ол ызақор. Арасына біреулер кірді ме, әйтеуір, сондай болыпты. Оның нақтысын білмейміз енді, - дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Сағидолла Сатыбалдиев.