"Әйелім білмейді". Атыраудағы экс-шенділердің масқарасы әшкереленді
Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары мен тағы бірнеше мемлекеттік қызметкерге қатысты сот процесі басталды. Оларға мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылып отыр. Оның бірі әйелін сырттай жұмысқа орналастырып, тегін жалақы алса, тағы бірі әлеуметтік осал отбасыларға тиесілі жеңілдікті "қарпып" келген, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
"Ашық сот процесі болғанына қарамастан, айыпталушылар түсірілім жасауға қарсылық танытты. Қазір айыпталу орындығында 8 адам отыр. Олардың арасында облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты бұрынғы орынбасары, облыстық білім беру басқармасының бұрынғы басшысы, оның орынбасары және тағы басқалар бар. Олар жылдың басында біртінтеп ұсталған болатын. Бүгін сот залына облыс әкімінің бұрынғы орынбасары ғана тергеу абақтысынан жеткізілді. Ал қалғандары үй қамақта отыр", - дейді телеарна тілшісі.
Қылмыстық іс 84 томнан тұрады. Бүгін айыптау қорытындысы оқылды. Әзірге белгілі болғаны, білім беру басқармасының басшысы өзінің әйелін әдістемелік орталыққа әдіскер ретінде сырттай жұмысқа орналастырған. Жұбайы ол туралы хабарсыз болыпты. Ал шенеунік жұмысқа келмеген әйелінің жалақысын алып, жеке ісіне жаратқан көрінеді.
Тергеу материалдарына сүйенсек, оның орынбасары әлеуметтік осал отбасы балаларына арналған Президент шыршасы үшін бөлінген 39 млн теңгенің белгілі бір көлемін қалтасына қалдыру үшін таныстарын пайдаланған. Айыптау қорытындысында айтылған мәлімет бойынша, ол осы жымысқы әрекетін соңғы 3 жыл бойы жүзеге асырып келген. Яғни балаларға ең арзан сыйлықтар беріп, дастархан жасамаған.
Оқи отырыңыз: Бағдат Мәнізоров элиталық жер телімін қызының атына жаздырған
Тағы да: Алакөлге жаман су айдаған қонақүй мына дөкейдікі болып шықты