Теміржол жұмысшысы 1,5 тонна темір ұрлығы үстінде ұсталды
Ағымдағы жылғы 24 мамырда Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөліміне "Әскерилендірілген теміржол күзеті" АҚ күзетшісінен Жанауыл станциясында белгісіз біреудің "Жанауыл-ҚХР" жөнелтілімінің вагонынан салмағы 1500 келі болатын "құймалы шойын" жүгін лақтырып жібергені туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жөнінде Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Сарықұл Жоланов хабарлады.
"Аталған факті Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПб-де сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, яғни тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық бойынша тіркелді. Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында осы ұрлықты жасаған деген күдікпен Қарағанды облысының 40 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру барысында құқықбұзушының теміржол мекемесінде вагон қараушы-жөндеуші болып жұмыс жасайтыны анықталды",- дейді С. Жоланов.
Оның айтуынша, полицейлер жүктердің сақталуын қамтамасыз ететін теміржол мекемелері қызметкерлерімен жасалатын ұрлықтардың жолын кеседі. Мәселен, өткен кезеңде жылжымалы құрамнан жүк ұрлаған "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның 8 және "ӘТЖК" АҚ-ның 5 қызметкері ұсталды.
"Жүргізілген тергеу амалдары нәтижесінде ұсталған адамның кінәсі толық дәлелденді. Ол Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының шешімімен жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесіліп, осы мерзімге пробациялық бақылау жасау белгіленді", - дейі полиция полковнигі.
Сонымен қатар, С.Жоланов ағымдағы жылдың басынан бері Департаментте 223 бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі тіркелгенін айтты.
Қылмыстардың жалпы ашылуы 84,2% құрады.