Ақтөбе тұрғынының бүкіл құжаттары бір күнде жарамсыз болып қалып, шу шықты
68 жастағы Ромахан Кенжебаев емханадан ауырып қалғанын растайтын анықтама алмақ болған. Бірақ бұл әрекетінің соңы төбесінен жай түскендей әсер еткен. Сөйтсе ол құжат жүзінде бір күн бұрын қаза тапқан. Бәрінен қиыны, осы себепті оның барлық құжаттары жарамсыз болып қалған. Жалақысын алу үшін енді ол өзінің тірі адам екенін дәлелдеуі керек, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Алтысы жұмысқа шығуым керек еді, бесі күні маған емханадан звондап тұр. "Дядя Рома, сіз қайдасыз?", - дейді. "Қайда болайын, үйдемін" деймін. Тезірек келуімді сұрады олар. Барсам, компьютерде менің аты-жөнім, 2022 жылдың 5 қазан күні сағат 12-де қайтыс болған деп жазылып тұр. Ақтөбе қаласының тұрғыны Ромахан Кенжибаев
Зейнеткердің қолындағы құжаттары заңдық күшін жойған. Тіпті банк картасының өзі бұғатталған. Оны ретке келтіру үшін ол алдымен құзырлы орындарға өзінің тірі екенін дәлелдеуі қажет.
ХҚКО-ға барсам, маған "Сіз қайтыс болған адамсыз!, қалай келіп тұрсыз?!", - дейді. Жеке құжатымды көрсетсем, ешкім сенбейді. Менде енді не құжат жоқ, не банк картам да бұғатталған. Тіпті жалақы ала алмай отырмын. Ақтөбе қаласының тұрғыны Ромахан Кенжибаев
Сөйтсе, бұл өзге емханадан кеткен қателік екен. Статист-дәрігер жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы санынан жаңылысқан. Олқылық жіберген ақ халаттылар кешірім сұрап құтылды. Олар қатені жөндеп, зейнеткердің құжаттарын қалпына келтіріп беруге уәде етті.
Ол кісінің алдыңда біз өзіміздің, емхананың, дәрігердің атынан кешірім сұрадық. Жеке куәлігі, басқа құжаттарын өтеп береміз. Ақтөбе қалалық №4 емхананың бас дәрігері Мереке Нұртазин
Қателік жіберген статист-дәрігерге тәртіптік жаза қолданылып, сөгіс жарияланған. Абдырап қалған зейнеткердің көңілі орнына түсті. Енді ол туған күнімді екі рет тойлайтын болдым дейді.