Тараз тұрғынын төрт адам интимдік видео арқылы бопсалаған
Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз полициясына 24 жастағы жергілікті тұрғын бопсалау туралы арызбен жүгінген. Ол бопсалаушылардың 990 мың теңге төлеуге мәжбүрлегенін айтқан. Әйтпесе, оның қатысуымен интимдік сипаттағы компроматты жариялаймыз деп қорқытқан.
Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 2-бөлігі («Бопсалау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалын бастады. Облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Арлан» ПСН-мен бірлесіп, күдіктілерді анықтап, кінәсін мойындаған төрт азаматты ұстады.
Екі күдікті Тараз қаласындағы уақытша ұстау изоляторына жіберілді, қалған екеуі үйқамаққа алынды. Ұсталғандардың бірі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір полицейлер қажет жедел-іздестіру шарасын жасап, істің мән-жайын анықтап жатыр.
22 маусым күні Қостанайда бір топ бопсалаушының ұсталғаны белгілі болды. Олар бос желеумен жергілікті тұрғыннан 6 миллион теңге талап еткен.