Кеншілер өлімі: ТЖМ жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты заң талаптарын қатаңдатуды ұсынды
"17 тамызда бес кеншінің өмірін қиған "Қазақстан" шахтасындағы қайғылы оқиға және "Саран" шахтасындағы өрт заңнамаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін нақтылады". Мәжіліс отырысында министр осылай деп мәлімдеді.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығы өз шахталары мен өндірістік кәсіпорындарын қажетті деңгейде қаржыландырмағаны айтпаса да білініп тұр. Өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздік тиісті дәрежеде жүзеге асырылмаған. Осы факторлардың барлығы апатқа әкеліп ұрындырды. Бұған білікті кадрлардың жетіспеушілігі, қауіпсіздік талаптарын сақтамау, аталған осы іс-шаралардың орындалуын бақылаудың төмендігін де қосуға болады. Әрине, компанияға қояр сұрақтар бар". Сырым Шәріпханов
Оның айтуынша, бұл мәселені заңнама деңгейінде шешіп, жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату қажет.
"Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша біз жер қойнауын пайдаланушыларға өндірістік алаңдарды, ұйымдарды, көмір өндіру орындарын талаптарға сәйкес келтіру үшін талаптарды қатаңдатуды ұсындық. Әрине, ол үін қаржы салып, мониторинг, бақылау жүйесін құрып, процесті автоматтандырып, персоналды оқыту бойынша бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыру және инженерлік-техникалық құрамның санын көбейту қажет болады". Сырым Шәріпханов
Ұсынылған түзетулер Үкіметтің қарауына жолданған.
Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі "Қазақстан" шахтасында 17 тамызда өрт болды. Алдында ғана жаңасына алмастырылған конвейер таспасынан өрт шыққан. Жер бетіне 222 шахтер шығарылды. Бес кенші жер астында қалып кетті, олардың барлығы қаза тапты. ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов қайғылы оқиғаға толық және объективті тергеу жүргізуді тапсырды. Шахтада көмір өндіру жұмыстары тоқтатылған.
Алдында Сырым Шәріпханов бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Винит Моханды, материалдық-техникалық жабдықтау басқарушысы және көмір департаментінің техникалық директорын аталған қайғылы оқиғаға жауапты екенін мәлімдеген болатын. Олар - АМТ-ның ең жоғары лауазымды тұлғалары.