Шымкентте бір үйден бес адам иіс газына уланып қаза тапты
"Апат бригадасы оқиға орнын тексерген кезде қабырғаға орнатылған жылыту қазандығында түтін шығару құбыры болмағаны, қазандық корпусының жоқ екені анықталды. Бұған қоса қазандық автоматикадан ажыратылған, сондай-ақ бөлмеде желдету құбыры болмаған". "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ баспасөз қызметі
Үстел үсті газ плитасы ұзындығы шамамен 15 м болатын оттегі құбыршегіне қосылғаны анықталды.
Сурет: ҚазТрансГаз Аймақ
Газ қызметкерлері бұған дейін тексерген кезде қазандықтың жағдайын көріп, бұл үйді газдан ажыратқан. Бірақ үй иесі өз еркімен газды қайта қосып алған.
Оқиғаның себептері сот-медициналық сараптаманың қорытындысы негізінде нақтыланады.
"ҚазТрансГаз Аймақ" тұтынушыларды газ құралдарын пайдалану кезінде ерекше сақтық танытып, мұқият болуға шақырады. Қауіпсіздік кепілі –
үйдегі мұржалар мен желдету арналарын уақтылы тексеру және тазалау, газды автоматты түрде өшіру арқылы табиғи және көміртегі тотығы газдарының ағып кетуіне жауап беретін дабылдарды орнату. Бұл қарапайым ережелер табиғи газды пайдалану кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмауға көмектеседі.
Бір күн бұрын Абай облысындағы Аягөз қаласында бір үйдің төрт бірдей баласы иіс тиіп қайтыс болды, олардың үлкендері сегіз жаста, ең кіші екеуі үш және екі жаста болған.