Шахтада қаза тапқан азаматтардың отбасына қандай көмек беріледі
Министрдің сөзінше, қаза тапқан азаматтардың отбасына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады.
"Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді".Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова
Ол әзірге барлық төлемді өтеу "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жүктелетінін қоса айтты.
"Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс", – деді Светлана Жақыпова.
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бастапқыда төрт адам қаза тапты. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында алдын ала болжам бойынша, метан жарылғанын мәлімдеді. Өрт шыққан кезде шахтада 252 кенші болған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 204 кеншіні сыртқа шығарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға байланысты 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Шахтадағы кезекті апаттан соң "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік құқығы Қазақстанға берілетін болды.
ҚР ТЖМ таратқан мәлімет бойынша, Костенко шахтасындағы апатта қаза тапқандар саны 32-ге жетті.