БҚО-да із-түссіз жоғалып кеткен қыз 7 сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін ен далада табылды
![Полиция, полицейский, полицейские, полиция зимой, полицейский зимой, полицейские зимой, патрульная полиция, патруль, сотрудник полиции, сотрудники полиции, полиция зима, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.12.2024 11:06](https://www.zakon.kz/pbi/WEBP/2024-11-07/file-38f2a115-4215-45db-81c2-0e3f8c17e740/400x225.webp)
16 желтоқсанға қараған түні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында 22 жастағы бойжеткен үйден шығып, белгісіз бағытқа бет алған. Ата-анасы алаңдаушылық білдіріп, қызын табу үшін полицияның көмегіне жүгінген. Сағат 22:00-де Теректі аудандық полиция бөліміне қызын жоғалтқан анадан хабарлама түскен сәтте-ақ, барлық жеке құрам дереу іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды.
Оған қоса, іздеу жұмыстарына атсалысты:
- әкімдік қызметкерлері,
- азаматтық қорғаныс өкілдері,
- жергілікті тұрғындар.
Полицейлер далалық жерлерге ерекше назар аударып, түнгі уақытта кең аумақты мұқият шолып шықты. 7 сағатқа созылған іздеу нәтижесінде таңғы сағат 5 шамасында бойжеткен өз үйінен 15 шақырым қашықтықтағы далада, Ақсай қаласына қарай бет алып бара жатқан жерінен табылды.
"Қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қатты аязға қарамастан, үсік шалу белгілері байқалмаған",- деп мәлімдеді ведомство.
Оған полиция қызметкерлері дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне жеткізді. Қазіргі уақытта бойжеткен анасының жанында, жағдайы жақсы.
Бұған дейін Үшарал-Достық автожолында 26 жүк көліктің қар құрсауында қалып қойғандығы хабарланған болатын.