Жол апатынан жүкті әйелі мен қызынан айрылған қостанайлық сақтандыру төлемін ала алмай жүр

"Хабар" телеарнасының ақпаратына сүйенсек, 1,5 жыл бұрын болған жол-көлік оқиғасы бүтін бір отбасының тағдырын ойран етті. Жол апатынан азаматтың ай күні жақындап отырған әйелі, бір қыз баласы қаза тапты. Өзі мен үш баласы ауыр жарақат алған.
Белгілі болғандай, жол апатына кінәлі көлік иесі мас күйінде болыпты. Оның үстіне жүргізуші куәлігі де жоқ екен. Ол сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға сотталды. Бірақ одан Қуанышқа не қайыр? Анасыз қалған үш баласының жағдайын ойлап алаң. Тиесілі сақтандыру өтемақысын да алалмай жүр. Сақтандыру компаниясы төлдеуден бас тартқан соң сотқа да жүгінген.
"Сотта қаралған нақты осы азаматтық істе оқиғаға кінәлі жауапкер сақтандырылмаған. Осы негізде сот талапкердің сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға мәжбүрлеу туралы талабын қанағаттандырмады".Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық соттың баспасөз хатшысы
Алайда қорғаушы заңгер Болатбек Ысқақовтың айтуынша, көлік құралы иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес төлем жасалуы шарт.
"Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында да жазылған, егер жүргізуші мас немесе жүргізушілік куәлігінсіз көлік тізгіндесе де сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуі қажет. Яғни жәбірленушіге регресс бойынша төленеді. Ал кейін жол-көлік апатына кінәлі тараптан өндіріп алады. Осындай заң нормасы болса, ол жұмыс істеу керек қой. Шешім тек заңды ғана емес, әділетті болу керек".Болатбек Ысқақов, құқық қорғаушы, заңгер
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда жеті баласына алимент төлемеген әйел жауапқа тартылғандығы хабарланған болатын.