Самокат тізгіндеген жастар әйел адамды қағып кетті. Жәбірленушінің аяғы сынған

Астанада "Хан Шатыр" ауданында самокат мінген бозбалалар жаяу жүргінші әйелді қағып кетті. Жәбірленушінің баласының айтуынша, әйелдің өкше сүйегі сынған. Оқыс оқиғадан кейін самокатшылар қашып кеткен.

Сурет: Астана ПД
2025 жылғы 22 мамырда Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Аталған факті бойынша кәмелетке толмағандардың тұлғалары анықталды. Олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ведомство.
Полиция электросамокаттар мен мопедтер велосипед жолақтарымен немесе жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен бір қатарда қозғалуы тиіс екенін еске салады. Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында қозғалыс жылдамдығы 6 км/сағ аспауы керек.
Жолдың жүріс бөлігінде қозғалысқа тек 18 жастан асқан жүргізушілерге рұқсат етіледі, бұл ретте олар шлем киіп, жарық шағылыстыратын элементтері бар киімде болуы тиіс.