Қайтыс болған сарбаздың отбасы Президентке жүгініп, тергеу жүргізуді сұрады
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Марқұм Нұрасыл (2006 жылы туған) 2025 жылдың 27 қыркүйегінде әскерге шақырылып, Алматы қаласындағы Қарасай шекара қызметі бөлімшесіне жіберілген. Алайда бар болғаны бір аптадан кейін, 5 қазанда оның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткен.
"Біз оны жібергіміз келмеді – жүрегіміз алаңдаулы болды. Бірақ ол: "Мен Отанға қызмет еткім келеді, патриот болғым келеді, елім алдындағы борышымды өтеуге дайынмын", – деп мақтанышпен айтатын. Ол әскер – ерлік мектебі, бейбіт уақытта адамдар қаза табатын орын емес деп сенді."
Туыстары Нұрасылды адал, мейірімді, әділ әрі арманшыл жас ретінде сипаттап, болашағынан үлкен үміт күткендерін айтады. Енді олар оның өліміне нақты не себеп болғанын білгісі келеді және кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етеді.
"Біз, Нұрасылдың отбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүгінеміз. Сізден осы оқиғаға жеке көңіл бөлуді сұраймыз. Біз мемлекетке сендік, ұлдарымыз бен бауырларымыздың қорғалғанына сендік. Бірақ неге бейбіт уақытта осындай жас балалар қаза табады? Бізге шындық пен әділет керек", – делінген отбасының мәлімдемесінде.
2025 жылғы 5 қазанда ҚР ҰҚК Алматы облысындағы шекара қызметі бөлімшелерінің бірінде сарбаздың қаза болғанын растады. Алдын ала медициналық қорытындыға сәйкес, өлімнің себебі – менингококцемия (жұқпалы аурудың ауыр түрі) деп көрсетілген.
Бұған дейін Алматыда үшінші қабаттан секіріп кеткен сарбаздың денсаулығына қатысты тың мәлімет жарияланғанын жазған болатынбыз.