Ішкі істер министрлігі электрлі самокаттарға мемлекеттік нөмір беру қағидаларын бекітті

Самокат, самокаты, самокатчики, электросамокаты, электрический самокат, электрические самокаты, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.03.2026 10:58 Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 3 наурызда Ішкі істер министрінің бұйрығымен электрлі самокаттарды жалға беру қызметімен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің электрлі самокаттарға тіркеу нөмірін беру және оны есепке алу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидаға сәйкес, жалға беру операторлары электрлі самокатқа берілген тіркеу нөмірін есепке алып отырады.

Электрлі самокатқа берілген тіркеу нөмірін есепке алу мынадай мәліметтерді қамтиды:

  • маркасы, моделі және шығарылған жылы;
  • сериялық нөмірі;
  • пайдалануға енгізілген және пайдаланудан шығарылған күні;
  • техникалық қызмет көрсету және жөндеу туралы мәліметтер;
  • тіркеу нөмірі.

Электрлі самокатқа тіркеу нөмірін жалға беру операторлары оны пайдалануға енгізгенге дейін жеке тәртіппен береді. Нөмір бір латын әрпі мен бес саннан тұрады.

Оператор таңдаған латын әрпі сол операторға тиесілі барлық электрлі самокаттарға қолданылады. Ол әріпті өзгертуге, қайта тағайындауға немесе басқа операторлардың пайдалануына жол берілмейді.

Латын әрпін таңдағаннан кейін жалға беру операторы бұл туралы басқа операторларға жазбаша хабарлама жібереді.

Хабарламада мынадай мәліметтер көрсетіледі:

  • заңды тұлғаның атауы немесе жеке кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты;
  • таңдалған латын әрпі.

Егер хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде басқа операторлардан таңдалған латын әрпін пайдалануға қатысты қарсылықтар түспесе, онда бұл әріп сол жалға беру операторына бекітілген болып есептеледі.

Жалға беру операторлары арасында латын әрпін таңдау бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, мәселе келіссөздер жүргізу және өзара келісімге келу арқылы шешіледі.

Реттік нөмір (сандық белгі) "00001" нөмірінен бастап бірізді тәртіппен беріледі. Реттік нөмір кейінгі самокаттарға кезекпен өсіп отырады.

Электрлі самокат пайдаланудан шығарылған жағдайда, оның тіркеу нөмірі жалға беру операторының есебінде сақталады және басқа электрлі самокатқа қайта берілмейді.

Тіркеу нөмірі механикалық зақымдануға, ылғалға, ультракүлгін сәулеге және температураның өзгеруіне төзімді материалдан дайындалуы тиіс. Сонымен қатар нөмірдің анық көрінуі мен сақталуын қамтамасыз етіп, жарықты шағылыстыратын қабаты болуы қажет.

Электрлі самокаттың тіркеу нөмірі бүлінген немесе жоғалған жағдайда, жалға беру операторы нөмірді әріптік-сандық белгісін өзгертпей ауыстырады.

Тіркеу нөмірі электрлі самокаттың артқы бөлігінде, артқы дөңгелектің үстінде, сондай-ақ руль тірегінің сол және оң жақ бетінде орналастырылады.

Сонымен қатар электрлі самокатқа арналған тіркеу нөмірлерінің нысандары мен үлгілері де бекітілді.

Сурет: Құжаттан скриншот

Сурет: Құжаттан скриншот

Аталған бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: